«Қайрат» ФК атақты рэпер Канье Уэсттің концертіне байланысты матчтарын Алматыдан Түркістанға ауыстыру туралы ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды infohub.kz сайты. Ауыстыруды УЕФА мақұлдағаны атап өтілді.

Еске салайық, 17 шілдеде Канье Уэсттің Алматыда концерт беруі мүмкін екендігі туралы ақпарат пайда болды. Алдымен бұл туралы оның менеджері Джозеф Карре хабарлады, кейін Алматы әкімдігі концерттің 14 тамызда сағат 21:00-де Орталық стадионда өтетінін растады.

Алайда концерт жарияланғаннан кейін «Қайрат» ФК басшылығы олармен іс-шараны Орталық стадионда өткізу келісілмегенін мәлімдеді.

Бүгін клубтың баспасөз қызметі жаңа мәлімдеме жариялап, онда концерттің еурокубоктың үшінші іріктеу раундындағы үйдегі матч кезеңіне сәйкес келетінін, сондықтан «Қайрат» ФК-ның үй аренасы қолжетімсіз болатынын еске салды. Мәлімдемеде: "Қалыптасқан жағдайларды және еурокубоктегі қарсыластықтың тығыз кестесін ескере отырып, клуб үшінші іріктеу раундындағы ықтимал үй матчының өтетін орнын ауыстыру туралы өтінішпен УЕФА-ға жүгінді. Осы өтінішті қарау нәтижесінде кездесуді Түркістан қаласындағы «Түркістан Арена» стадионында өткізу келісілді", — делінген.

Матчтың күні мен уақыты, сондай-ақ билет сатылымының басталуы туралы ақпарат команданың еурокубоктегі одан әрі жолы анықталғаннан кейін қосымша жарияланатыны хабарланады.