Онлайн билет сату сервисінің сайтында американдық рэпер Канье Уэстің (Ye) концерті жарияланды. Ұйымдастырушылар мен билет сервисі өнерпаздың қойылымы туралы ақпаратты жариялады, алайда рэпердің ресми кестесінде концерт әзірге жоқ, деп хабарлайды infohub.kz.

Қойылым Алматыдағы Орталық стадионда өтеді. Билет сатылымы 20 шілдеде басталады. Бағалар санатқа қарай 120 мыңнан 350 мың теңгеге дейін өзгереді.

Алдағы концерт туралы Канье Уэстпен YEEZY жобалары мен музыкалық менеджмент бойынша ынтымақтасатын менеджер Джозеф Карре де хабарлады. Ол Instagram-стористе Алматыдағы қойылым туралы анонс жариялады.

Алайда Канье Уэстің концерт кестесі жарияланған ресми сайтында Қазақстандағы қойылым туралы ақпарат әзірге жоқ.

Айта кетейік, Канье Уэсттің ең үлкен жанжалы оның антисемиттік мәлімдемелері мен Гитлерді көпшілік алдында мадақтауына байланысты. Оның мәлімдемелері мен свастикасы бар футболкаларды сатуы себепті Еуропаның көптеген елдері (оның ішінде Ұлыбритания мен Польша) оның концерттерін тоқтата бастады, ал халықаралық брендтер онымен келісімшарттарды бұзды.

Бұған дейін сот Акмалдың күші жойылған концерті үшін қазақстандықтарға миллиондаған теңгені қайтаруды міндеттеген еді.