Капшағай су қоймасында гидроцикл демалушылар отырған үрмелі диванға соғылды. Салдарынан 36 жастағы әйел мен 14 жастағы қыз бірнеше сынық алып, бір айдан астам уақыт өздігінен жүре алмай жүр, деп хабарлайды infohub.kz.
Оқиға шілде айының соңында болған. Екі отбасы қайыққа арқанмен байланған үрмелі диванда серуендеуді ұйғарған. Зардап шеккен Назира Оспанбектің айтуынша, бір кезде қайық судың ортасында тоқтап, демалушылар жүргізушіден оларды жағаға апаруды өтінген.
«Қайықшы қайық пен диванды тоқтатты. Сөйтіп, біз су үстінде тұрдық. Қайықшыға: "Бізді жағаға апар" деп айғайлай бастадық, бірақ ол бізді естімеді. Күйеуім ысқырып: "Болды, жеткілікті. Бізді жағаға апар" деді. Сол кезде қайықшы диванды солға бұратындай траекториямен қозғала бастады. Дәл сол сәтте бізге гидроцикл соғылды», — деді Назира Оспанбек.
Соққы салдарынан әйелдің қабырғалары мен қолы бірнеше жерден сынып, жамбасы соғылып, ішкі ағзалары зақымданып, миы шайқалған. Ол үш операция жасатқан, бірақ әлі күнге дейін өздігінен жүре де, отыра да алмайды.
«Физикалық ауырсыну да қатты мазалайды, себебі жатқан күйде қарапайым қажеттіліктеріңді өтей алмайсың. Бұл өте қиын. Ең ауыры — бұған қатысы барлардың ешқайсысы жауапкершілікке тартылмайды. Олар сенің физикалық ауырсынуыңды бөлісе алмайды», — деп бөлісті зардап шеккен әйел.
Онымен бірге 14 жастағы Асылжан Рыскулова да ауыр жарақат алған. Қыздың аяғы мен жамбасы сынып, миы шайқалған. Оқиғадан кейін жасөспірім комаға түсіп, тек алтыншы күні есін жиған.
Асылжан операция жасатып, қазір де жүре де, отыра да алмайды. Тоғызыншы сынып оқушысы қашықтан оқуын жалғастыруда.
«Аяғына операция жасады, гипс қойды. Бір сүйегі үш жерден сынған, сондықтан пластина салды. Үнемі ауырсыну басатын дәрі ішеміз. Эмоционалдық жағдайымыз нашар. Мұның бәрін көру қиын. Ана ретінде ауыр», — деді қыздың анасы Жанар Рыскулова.
Зардап шеккендер полицияға жүгінген. Алматы облысы ПД хабарлағандай, оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Теңіз немесе өзен көлігінің қозғалыс қауіпсіздігі немесе пайдалану ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды», — деп хабарлады Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.
Гидроцикл жүргізушісі іс бойынша күдікті ретінде өтіп, қазір еркіндікте. Зардап шеккендер сондай-ақ су көлігін жалға берген гидроцикл иесі мен қайықты басқарған ер адамды жауапкершілікке тартуды талап етуде.


