Қазақстан Қара теңіздегі мұнай танкерлеріне жасалған шабуылдарға қатысты Халықаралық теңіз ұйымымен (ХТҰ) келіссөз жүргізді, деп хабарлайды infohub.kz.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Әлібек Бақаев ХТҰ Бас хатшысы Арсенио Домингеспен кездесті. Кездесу барысында Қара теңіздегі ахуалға ерекше назар аударылды.
Әлібек Бақаев қазақстандық мұнайды тасымалдайтын танкерлерді қоса алғанда, сауда кемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Ол Қазақстанның кеме қатынасы үшін қауіпсіз жағдайлар жасауға және елдің сыртқы сауда мүдделері мен халықаралық энергетикалық қауіпсіздік үшін маңызы зор теңіз жолдарының тұрақтылығына мүдделі екенін жеткізді.
Арсенио Домингес Қазақстанның ұстанымын қолдап, азаматтық және сауда кемелерін қорғаудың түбегейлі маңыздылығын атап өтті. Ол ХТҰ кеме қатынасы қауіпсіздігі қағидаттарын сақтау және азаматтық теңіз көлігін қорғау үшін дәйекті түрде әрекет ететініне сендірді.
Тараптар сондай-ақ Каспий теңізінің халықаралық көлік-логистикалық тізбектердің маңызды буыны ретіндегі стратегиялық рөлін талқылады. Транскаспий халықаралық көлік бағытының теңіз бөлігін дамыту, Каспий арқылы жүк тасымалы көлемін ұлғайту және Ақтау мен Құрық порттарын жаңғырту Орталық Азия, Қытай және Еуропа елдері арасындағы сауда-экономикалық байланыстар үшін жаңа мүмкіндіктер туғызатыны атап өтілді.
ХТҰ Бас хатшысы одан әрі ынтымақтастықтың кең ауқымын атап, ұйымның Қазақстанға жәрдем көрсетуге дайын екенін растады.
Халықаралық теңіз ұйымы (ХТҰ) — кеме қатынасының қауіпсіздігі мен күзеті, кемелерден теңіз ортасының ластануын болдырмау және халықаралық теңіз көлігінің басқа да мәселелері саласындағы халықаралық нормалар мен стандарттарды әзірлейтін және жетілдіретін БҰҰ-ның мамандандырылған мекемесі. Қазақстан 1994 жылдан бері ХТҰ мүшесі болып табылады.


