Қарағандыда жанжал өршіп тұр: бірқатар мамандықтар бойынша жүзге жуық талапкер уәде етілген мемлекеттік гранттарды ала алмады. Ата-аналар наразы, жағдайға колледж және білім басқармасы түсініктеме беруде, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Оксана Матвеева телеарнаға қызы 9-сыныпты бітірген соң бағалаушы-техник мамандығына оқуға түсуге бел буғанын айтты. Қарағандыдағы колледжде емтихансыз қабылдау және шәкіртақы тағайындалатынын уәде еткен. Әйелдің сөзінше, грантқа құжаттарды маусымда тапсырған, ал барлығын 25 тамызда жинамақ болған. Бірақ ол күні де, кейін де ешқандай ақпарат болмаған. Гранттың болмайтынын Оксана тек 4 қыркүйекте білген. Егер алдын ала ескерткенде, қызы басқа мамандыққа грантқа үлгерер еді, деп наразылық білдірді ана.

«25 маусымда барлық құрылтайшыларды басқармаға жинап, ондай мамандықтарға грант болмайтынын айтқан екен. Яғни, біздің мамандықтар грантқа ілікпеді, есеп пен аудитке де грант болмады. Олар басынан білген, бірақ бізге неге ешкім хабарламады», — деді колледж талапкерінің анасы Оксана Матвеева.

Букенов атындағы Жоғары колледжде мамандықтар мемлекеттік тапсырыс бөлінетін тізімге енгенін, алайда тамызда кейбір мамандықтарға грант тек бір оқу тіліне ғана бөлінгені анықталғанын хабарлады. Грантсыз 100 адам қалды, тағы 69-ы күмәнде.

«Қабылдау комиссиясында біз соңына дейін осы талапкерлерді қамти аламыз ба деп үміттендік, олар конкурсқа қатысар еді. Бірақ база жабық болғандықтан, ешкімді енгізе алмаймыз. Қазір ата-аналардан кешірім сұраймыз, біздің де қателігіміз бар екенін түсінеміз», — деді Букенов атындағы Қарағанды жоғары колледжінің директоры Надия Спанова.

Грантсыз қалған талапкерлердің арасында үздіктер де, жетімдер де, қамқорлықтағылар да бар. Барлығына колледжде 50 пайыздық жеңілдікпен ақылы оқу ұсынылуда. Білім басқармасы биыл гранттардың бұрынғыдан да көп бөлінгенін, бірақ жұмысшы мамандықтарына бөлінгенін жеткізді. Ақпарат OQU платформасында орналастырылған. Әркім құжаттарын онлайн тапсыра алатын.

«Биыл ең көп сұранысқа ие мамандықтарды қамту міндеті қойылды. Бұл — өнеркәсіптегі жұмысшы мамандықтары, облыс бойынша бүгінгі күні бізге қажетті барлық бағыттар», — деді Қарағанды облысы білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім бөлімінің басшысы Гүлдана Нұрсұлтан.

Телеарна 2025 жылдан бастап Қазақстанда елде сұранысқа ие жұмысшы және техникалық мамандықтар бойынша мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғайтылғанын қосады. Оқу мемлекеттік гранттар негізінде жүзеге асырылады, олар құжаттар конкурсы бойынша бөлінеді, міндетті түрде 9 сынып аттестатының орташа балы ескеріледі.