Қарағандыда Қазақстанның құсбегілік аңшылық құрамасының мүшесі бірнеше жыл бойы үйінде Қызыл кітапқа енген 35 жыртқыш құсты, соның ішінде ителгілерді, бүркіттерді және лашындарды заңсыз ұстаған. Тінту кезінде Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері құстарды алып, күдікті қамауға алынды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, ер адам 2017 жылы үйінің аумағында заңсыз питомник ұйымдастырған. Ол «Құсбегілік» федерациясына мүше болып, ұлттық құсбегілік аңшылық бойынша Қазақстан құрамасына кірген.
Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті Instagram-да ұлттық аңшылық, құстарды ұстау және емдеу туралы айтып отырған. Әлеуметтік желі арқылы ол табиғи ортадан ауланған сирек кездесетін жыртқыштарды әкеп беретін адамдармен танысқан.
«Тұрғылықты мекенжайында жүргізілген тінту кезінде 35 жыртқыш құс, оның ішінде ителгілер, бүркіттер және лашындар табылып, алынды. Аталған түрлер Қызыл кітапқа енгізілген және сирек кездесетін, жойылып кету қаупі төнген жануарлар қатарына жатады. Күдікті қамауға алынды. Сот санкциясымен оған тиесілі Toyota 4Runner көлігіне тыйым салынды», – деп атап өтті ҚМА-да.
Агенттікте сондай-ақ үкім заңды күшіне енгеннен кейін құстарды жабайы табиғатқа қайта жіберу жоспарланып отырғанын хабарлады. Тергеудің басқа мәліметтерін ведомство жарияламайды.
Бұған дейін редакция ұлттық парк қызметкерлерінің Қызыл кітапқа енген құстарды шетелге контрабандалау үшін аулағанын хабарлаған еді. Олардан 40-тан астам құс, бес атыс қаруы, 200-ге жуық оқ-дәрі, суық және лақтыратын қарулар, сондай-ақ құстарды ұстауға және тасымалдауға арналған жабдықтар алынған. Алдын ала есептеулер бойынша, мемлекетке келтірілген залал 120 миллион теңгеден асқан.


