Қарағандыда соңғы тәулікте полицейлердің шетелдік туристермен екі ерекше кездесуі болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
ІІМ ақпараттық медиапорталының мәліметінше, 24 тамызда патрульдік полицейлер қала бойынша сағатына 30 км-ден аз жылдамдықпен қозғалған BYD автокөлігін байқаған. Тәртіп сақшылары көлікті тоқтатып, жүргізушіге көмек қажет болуы мүмкін деп болжаған. Рөлде Малайзия азаматшасы отырған, ол жолдастарымен бірге әлемді аралап, Қытайға бет алған. Әңгіме барысында турист қазақстандық полицейлердің онымен ағылшын тілінде еркін сөйлесіп, қалада бағыт-бағдар беруіне таң қалған.
Баяу жүру себебі — көліктің ақауы емес, электромобиль болғандықтан, саяхатшылар зарядты үнемдеген екен. Полицейлер қонақтарға қайда тоқтап, тамақтануға болатынын айтып, ақ жол тілеген.
Ал бүгін таңертең патрульдіктер Бұқар жырау даңғылында қолына чемодан алған қызды байқаған. Ол Қытайдан келгені белгілі болған. Қонақ түнеуге орын табу қиындық тудырғанын айтқан. Полицейлер оған тұруға орын табуға көмектескен.
Алда — Димаш Құдайбергеннің қатысуымен өтетін концерт, ол қалаға тек Қазақстаннан ғана емес, басқа елдерден де жанкүйерлерді тартуы мүмкін.


