Әлеуметтік желілерде Қарағандыдағы супермаркет маңында жаппай ұсталудың бейнежазбасы қызу талқылануда. Кадрларда асфальтқа бетін төмен жатқан бірнеше адам мен арнайы қызмет қызметкерлері көрінеді. Пайдаланушылар оқиғаның себебіне қызығушылық танытуда, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Онда не болды?», «Ұсталудың себебін кім айтады?», «Қызық, не болды екен?», «Ақпарат күтеміз», — деп жазуда пікір білдірушілер.
Қарағанды облысы полиция департаментінің түсіндіруінше, 22 шілдеде полицияға қаладағы супермаркеттердің бірінің жанында жастар тобы жиналып, араларында жанжал туындауы мүмкін екендігі туралы хабарлама түскен. Полиция қызметкерлері дереу оқиға орнына барып, құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алып, жағдайдың өрбуіне жол бермеген. Барлық мән-жайды анықтау үшін аумақтық полиция бөліміне 16 адам жеткізілді. Қазір тексеру жүргізіліп, нәтижесінде тиісті процессуалдық шешім қабылданады.
Ведомство қоғамдық тәртіпті бұзуға бағытталған кез келген әрекеттер ерекше бақылауда екенін ескертті. Полицейлер бұдан былай да осындай хабарламаларға жедел ден қойып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қолданатын болады.


