Қарағанды облысында «Vavada» интернет-казиносы ойыншыларының ақшасын қабылдап, шығарып отырған дроповодтар тобының қызметі тоқтатылды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, операцияны прокуратураның үйлестіруімен Қаржылық мониторинг агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті жүргізген.
«Тергеу деректері бойынша, 2026 жылдың қаңтарында схема ұйымдастырушылары интернет-казино өкілдерімен Қазақстан аумағында ақша қабылдау және шығару туралы келісімге келген. Кейіннен топқа қатысушылардың бірі топтың қызметін үйлестіріп, казино өкілдерімен байланысып отырса, екіншісі дропперлерді іздеумен, олардың банк шоттарына қолжетімділікті қамтамасыз етумен және операторларды іріктеумен айналысқан», — делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми Telegram-арнасында.
Ведомствоның мәлімдеуінше, Қарағандыда жалға алынған кеңседе операторлар тәулік бойы ауысыммен жұмыс істеген.
Қаржылық мониторинг агенттігінің ақпараты бойынша, схемада барлығы 23 дроп-шот пайдаланылып, олар арқылы 415 млн теңгеден астам сомаға операциялар жүргізілген.
Екі күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Соттың санкциясымен олардың мүлкіне, оның ішінде жеке үйге, екі жер теліміне және Mercedes-Benz көлігіне тұтқын салынды.
Қылмыстық іс сотқа жіберілді. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.


