Ташкентте жас қазақстандық спортшылардың жаппай тағамнан улануы туралы Қазақстан денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова үкіметтегі брифингте айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Министрдің айтуынша, ведомство қызметкерлері мен қазақстандық дәрігерлер өзбекістандық әріптестерімен үнемі байланыста. «Балалар онлайн-режимде бақылауда. Оларға жасалып жатқан ем біздің хаттамаларға да сай келеді. Балалардың жағдайы тұрақты», — деп келтіреді NUR.KZ тілшісі Ақмарал Әлназарованың сөзін.

Министр қажет болған жағдайда жас спортшыларды Шымкент пен Түркістан облысының клиникаларына жеткізуге дайын екенін атап өтті. «Бірақ жағдай тұрақты, бұл — тағамнан улану. Өзбекстандық әріптестер қосымша зерттеулер жүргізіп жатыр. Бізге қосымша ақпарат берілген соң хабарлаймыз. Бүгінде балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ», — деп сендірді ол.

Екінші қарашада Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы өңірдің турнирде үш жас санаты бойынша жекеменшік футбол мектептерімен өкілдік еткенін хабарлады. Сол кезде 16 бала, бір жаттықтырушы және 11 ата-ананың ауруханаға жатқызылғаны белгілі болды. Олардың барлығы Ташкенттегі қонақүйде тұрып, тамақтанған.

Кейін Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі Ташкентте қонақүйдегі таңғы астан кейін ауруханаға жатқызылған қарағандылық жас футболшылардың жағдайы туралы айтты. Балалардың жаппай улануына қатысты Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі де мәлімдеме жасады.