Қарағанды облысында өткен тәулікте алдын ала есеп бойынша 90 гектар аумақта бес табиғи өрт сөндірілді. Шет, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарында сегіз ошақтағы өртті сөндіру жалғасуда. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.
Өрттер таулы-далалы жерде құрғақ шөп пен бұталардың тұтануынан шыққан.
Өртті сөндіруге ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдардан 500-ден астам адам және 145 техника бірлігі жұмылдырылды.
Қарқаралы ауданының Бесоба ауылында өртті сөндіруге ТЖМ-нің су төгетін құрылғысы бар «Қазавиаспас» тікұшағы тартылды. Әуеден жалпы көлемі 12 тонна су төрт рет тасталды.
Сөндіру жұмысын жету қиын таулы-далалы бедер, ыстық әрі құрғақ ауа райы, сондай-ақ қатты екпінді жел қиындатып отыр.
Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінде жұмылдырылған күштер мен құралдардың жұмысын үйлестіретін жедел штаб құрылды.
Қазіргі таңда елді мекендерге қауіп жоқ. Сөндіру жұмыстары тәулік бойы жалғасуда.
Бұған дейін «Курсив» 7 қыркүйекте Қазақстанда төрт орман өрті тіркелгенін жазған болатын — екеуі Қостанай облысында, біреуі Шығыс Қазақстан облысында және «Көкшетау» МҰТП аумағында. Барлық өрт ошағын оқшаулап сөндіру мүмкін болды, оттың үлкен аумаққа таралуына жол берілмеді.


