Қарағанды облысында қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы заңды күшіне енген сот актісі бойынша 40 миллион теңге қарызын қасақана төлемеген ер адамның үкімін өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қарағанды облысы соттарының ресми Telegram-арнасында мәлім болғандай, іс заңды күшіне енген сот актісі мен атқарушы құжатты қасақана орындамау фактісі бойынша — Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 430-бабының 3-бөлігі бойынша қаралды.

Теміртау қалалық сотының 2024 жылғы 15 наурыздағы ұйғарымымен медиативтік келісім бекітілгені, оған сәйкес ер адам 40 миллион теңге көлемінде қарыз төлеуге міндеттелгені анықталды. 2024 жылғы 15 сәуірде сот шешімі ерікті түрде орындалмағандықтан, атқарушы парақ жазылып, мәжбүрлеп орындату үшін жеке сот орындаушысына жіберілді.

Атқарушылық іс жүргізу аясында борышкерге жеке сот орындаушысы талаптарды дереу орындау қажеттігі туралы бірнеше рет хабарлап, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік туралы ескертті. Сонымен қатар Бухар-Жырау ауданының №2 сотының 2025 жылғы 9 сәуірдегі қаулысымен ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 19 660 теңге айыппұл салынды.

Қолданылған шараларға қарамастан, ер адам тиісті қорытынды жасамады. 2024 жылғы 24 сәуірден 2025 жылғы 15 наурызға дейінгі аралықта ол қарыз сомасын қасақана төлемеген, бұл ретте жауапкершілігі шектеулі серіктестікте ресми жұмыс істеп, тұрақты жалақы алған.

Теміртау қалалық сотының 2026 жылғы 22 маусымдағы үкімімен ол Қылмыстық кодекстің 430-бабының 3-бөлігі бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырылды. «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» 2025 жылғы 23 маусымдағы Заңның негізінде негізгі жаза мерзімі бестен бір бөлікке қысқартылып, түпкілікті 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сот алқасы сотталған адамның апелляциялық шағымы бойынша түскен қылмыстық істі қайта қарап, бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырды. Сот үкімі заңды күшіне енді.