Қарағанды – Сұрыптау – Ақадыр теміржол бөлігінде қамыс өртеніп, өртті толық сөндіруге шамамен алты сағат қажет болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
ҚТЖ-ның мәліметінше, өтіп бара жатқан пойыздың машинисі өртті сағат 14:15-те байқап, дереу Қарағанды – Сұрыптау станциясының кезекшісіне хабарлаған. Өрт ошағы теміржол төсемінен алты метр жерде болған, өрт аумағы 0,7 га құрады.
Оқиға орнына Қарағанды станциясының өрт сөндіру пойызы мен өңірдің ТЖД қызметкерлері жіберілді. Сөндіруге 25 адам мен бес бірлік арнайы техника қатысты. Өртті сөндіруге 90 тонна су жұмсалды.
Сағат 17:04-те өрт оқшауланып, 19:58-де толық сөндірілді.
«Өрт пойыздардың қозғалысына әсер етпеді. Кідірістер тіркелген жоқ, зардап шеккендер жоқ. Теміржол инфрақұрылымы, жолдар, сигнал беру, байланыс және электрмен жабдықтау жүйелері де зақымданбады», — деп хабарлады ҚТЖ-да.
Өрт сөндіру пойыздары теміржолда тәулік бойы кезекшілік етіп, өрт шыққан жағдайда жедел жетуге дайын, деп атап өтті компанияда.
Алдыңғы күні Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарындағы табиғи өрттерді сөндіруге пойыздар жұмылдырылған болатын. Құрғақ шөп пен бұталардың өрті теміржол жолдарына тым жақындап, пойыздар қозғалысына қауіп төндірді.


