Қарағандыда екі лауазымды тұлға инвесторларға жер учаскелерін беруден заңсыз бас тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдың жалпы сомасы 865 мың теңгені құрады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қадағалау органының ресми сайтында мәлім болғандай, Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының прокуратурасы мемлекеттік кірістер органдарының «FLSmidth» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты тексеру тағайындағанын анықтады. Тексеру прокуратура органдарымен келісілмей басталған.

Прокурордың наразылығы бойынша тексеру жүргізу туралы нұсқама мен оған қатысты шешімдер күші жойылды. Салық органының лауазымды тұлғасына қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 175-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды.

Заңды күшіне енген сот актілерін талдау барысында заңсыз араласудың тағы екі фактісі анықталды. Бұл Қарағанды әкімдігінің жер учаскелерін беруден бас тарту туралы шешімдерін заңсыз деп тануға қатысты.

Осы фактілер бойынша екі әкімшілік іс қозғалды. Екі лауазымды тұлға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 173-бабының 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 865 мың теңге айыппұл салынды.