Қарағанды облысында 13 жастағы жасөспірім төрт жасар баланың өмірін сақтап, ерлік жасады. Оқиға тамыз айының басында Бұқар жырау ауданындағы Семізбұға көлінде болған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Polisia.kz мәліметінше, бала үрлемелі матраста жүзіп жүрген кезде қатты жел оны аударып, кішкентай бала суға түсіп кеткен. Жақын жерде болған тоғызыншы сынып оқушысы Нұралы Әлхан сасып қалмай, дереу көмекке ұмтылып, баланы судан шығарып алған.
Жасөспірімнің бұл әрекеті әлеуметтік желілерде тараған соң белгілі болды. Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Негмет Исмағұлов Нұралыны анасымен бірге қабылдап, жеке өзі алғысын білдірді. «Мен Нұралының әрекеті туралы әлеуметтік желілерден біліп, оның батылдығына шын жүректен тәнті болдым. Сын сағатта ол сасып қалмай, өз өмірін қатерге тігіп, кішкентай баланың өмірін сақтап қалды. Мұндай әрекет құрметке лайық. Баланың батыл әрі мейірімді болып өскені үшін ата-анасына жеке алғыс айтқым келеді», — деді полиция бастығы.
Негмет Исмағұлов ризашылық белгісі ретінде жасөспірімнің анасы Самал Әбдірахмановаға алғыс хат табыс етті. Әйел алты бала тәрбиелеп отыр. «Ана ретінде мен балам үшін қатты уайымдадым. Оның баланы құтқаруға ұмтылғанын білгенде, ол үшін қорықтым. Бірақ баланың аман қалғанын білген соң, үлкен мақтаныш сезімі пайда болды. Полиция департаментінің басшылығына баламның әрекетін атап өткендері үшін алғыс айтамын», — деді Самал Әбдірахманова.
Нұралыдың өзі сол сәтте ықтимал салдары мен марапат туралы ойламағанын айтады. Оның айтуынша, ол жай ғана баланың қауіпте екенін көріп, көмектесуді шешкен. «Бәрі күтпеген жерден болды. Алдымен бала үрлемелі матраста жүзіп жүрді, содан кейін желдің салдарынан матрас аударылып, ол суға түсті. Мен дереу оны құтқаруға ұмтылдым. Менің бес аға-інім мен қарындасым бар, сондықтан сол сәтте оның орнына өз туыстарымды елестеттім. Мен жай ғана баланың тірі қалғанын қаладым. Ешқандай марапат туралы ойлаған жоқпын», — деді Нұралы.
Көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін Нұралы Әлханға полиция департаментінің бастығы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің рәмізі бар қол сағатын табыс етті. Оның аға-інілері мен қарындастарына да сыйлықтар берілді. Негмет Исмағұлов жас батырға оқуда табыс, мықты денсаулық және жарқын болашақ тілеп, оның батылдығы, жанашырлығы мен жауапкершілік сезімі болашақта да лайықты істерге негіз болатынына сенім білдірді.


