Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің хатшылығының XXIV отырысы өтті. Отырысты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Карин басқарды. Оған әлемнің 20 елінен келген 30-дан астам діни бірлестік өкілдері, халықаралық ұйымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жиналыстың басты қорытындысы — екі маңызды құжаттың қабылдануы: «Діндердің климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі рөлі» және «Діни салада жасанды интеллектіні пайдаланудың этикалық кодексі».
Жасанды интеллектінің этикалық кодексі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «алгоритмдерге арналған өсиеттер» әзірлеу жөніндегі идеясын дамытады. Құжат діни саланы цифрлық фейктерден, манипуляциялардан, кемсітушіліктен және қасиетті мәтіндердің бұрмалануынан қорғауға бағытталған. Өз кезегінде, климаттық құжат экологиялық жауапкершілікке баса назар аударып, «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасының қағидаттарымен үндеседі.
Сонымен қатар, отырысқа қатысушылар «Емі жоқ науқас баланың құқықтары хартиясын» таныстырды. Бұл — Қазақстан мен Ватиканның бірлескен жобасы, ол «Бамбино Джезу» клиникасының қатысуымен жасалған. Хатшылық бұл бастама бойынша жұмысты жалғастыруды қолдады.
Өз сөзінде Ерлан Карин Қазақстанның негізгі конституциялық құндылықтары — бірлік, толеранттылық және адамды құрметтеу — Мемлекет басшысының басшылығымен жүргізіліп отырған бейбітшілік сүйгіш сыртқы саясаттың іргетасы екенін атап өтті.
«Өткен жылдарда жинақталған құндылық іргетасы Съездің практикалық өлшемін кеңейтуге — бірлесіп құжаттар әзірлеуге, серіктестіктерді нығайтуға және жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», — деді Ерлан Карин.
Ол рухани дипломатия әскери қақтығыстар, радикализмнің өсуі, өшпенділік тілі, сондай-ақ климаттық және техногендік сын-қатерлер жағдайында ерекше маңызды құралға айналып отырғанын, ол қарапайым келіссөздер сүрінген жерде диалогты сақтауға көмектесетінін атап өтті. Хатшылыққа Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған Бейбітшілік үшін жаһандық қозғалысты құрудың тұжырымдамасы мен кезең-кезеңімен жоспарын әзірлеу тапсырылды.
«Съездің беделі қабылданған шешімдердің халықаралық бастамаларда қаншалықты дәйекті жүзеге асырылып, бейбітшілік пен сенімді нығайтуға қызмет ететінімен айқындалады», — деп қорытындылады Карин.
Іс-шара аясында бірқатар екіжақты кездесулер өтті. Ерлан Карин БАӘ Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысы Мұхаммед Абдельсаламмен, БАӘ Толеранттылық министрлігінің Бас директоры Афра Мұхаммед әл-Сабримен, сондай-ақ Қытайдың даос және будда қауымдастықтарының өкілдері Цю Шуан мен Сунь Сяомен дінаралық диалогты нығайту және бірлескен жобаларды ілгерілету мәселелерін талқылады.


