Қазақстан Қашаған мұнай кен орнының операторы NCOC компаниясы басшылығына экологиялық айыппұлды төлемегені үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екендігі туралы ескертті, деп хабарлайды Reuters, - делінген infohub.kz ақпаратында.
Reuters дерегінше, республика Әділет министрлігі NCOC басқарушы директоры Джанкарло Руиуға заң талаптарын орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін екендігі туралы ресми ескерту жолдаған. Мәселе 2023 жылы күкірт сақтау көлемінің рұқсат етілген шектен асқаны үшін есептелген 2,3 триллион теңге (шамамен 4,9 миллиард доллар) көлеміндегі айыппұлға қатысты.
Қашаған операторы талаптарды мойындамайды. NCOC және консорциумға қатысушы компаниялар (Shell, Eni, TotalEnergies, ExxonMobil) айыппұлды негізсіз деп санайды. Дау халықаралық төрелікте қаралуда. Компаниялар іс аяқталмайынша өндіріп алу жүзеге аспауы керек екенін алға тартады.
Өткен аптада Әділет министрлігі оператордың айыппұлды дүйсенбіге дейін ерікті түрде төлей алатынын, әйтпесе мәжбүрлеп өндіріп алу рәсімі басталып, қарыз сомасына 10% қосымша алым салынатынын хабарлады.
Күкірт – мұнай өндіру мен дайындаудың қосалқы өнімі. Қашаған тәулігіне шамамен 430-450 мың баррель мұнай өндіреді, бұл Қазақстандағы көлемі бойынша екінші кен орны. Бұған дейін БҰҰ-ның UNCITRAL төрелігі NCOC-тан айыппұлды мәжбүрлеп өндіріп алу мүмкіндігін шектеген болатын.
NCOC-тің акционерлері: KMG Kashagan B.V. (16,877%), Shell Kazakhstan Development B.V. (16,807%), Total EP Kazakhstan (16,807%), Agip Caspian Sea B.V. (16,807%), ExxonMobil Kazakhstan Inc. (16,807%), CNPC Kazakhstan B.V. (8,333%) және Inpex North Caspian Sea Ltd. (7,563%).


