GPC Investment компаниясы Қашаған кен орнынан 1 млрд текше метр ілеспе мұнай газын газды кешенді өңдеу қондырғысында (ГКӨҚ) өңдеуді 2027 жылдың төртінші тоқсанында бастауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Бекмұхаметов қол қойған жобаның қоршаған ортаға әсерін бағалау ауқымын айқындау қорытындысында айтылған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
GPC Investment меншік құрылымы былайша бөлінген: 75%-ы қатарлық UCC Holding компаниясына, қалған 25%-ы QazaqGaz компаниясына тиесілі.
Жыл сайын өңделетін 1 млрд текше метр ілеспе мұнай газынан 115,5 мың тонна сұйытылған мұнай газын, яғни автогаз алу жоспарлануда.
«Жоспарланып отырған қызмет: газ өңдеу зауыты… Құрылыс-монтаж жұмыстарының кезеңі 2026-2027 жылдарға белгіленген. 2027 жылғы қалған құрылыс-монтаж жұмыстары нысанды пайдалануға бергенге дейін жүргізіледі. Нысанды пайдалану 2027 жылдың төртінші тоқсанынан басталады», – делінген қоғамдық тыңдауға ұсынылған құжатта.
Газ өңдеу зауытының құрылыс алаңы Атырау облысының Мақат ауданында орналасқан. Болашақ кәсіпорын Қашаған кен орнының маңында салынып жатыр: қазіргі «Болашақ» ГКӨҚ-нан солтүстік-шығысқа қарай 12,6 км, Қарабатан теміржол айырмасынан шығысқа қарай 25 км және Атырау қаласынан 60 км қашықтықта. Аудан орталығы Мақат нысаннан 63 км, ал таратылған Ескене ауылы 6,8 км жерде. Каспий теңізі 70 км-ден астам қашықтықта.
Аумағы 360 га учаскеде қондырғыдан басқа қоймалар мен басқа да нысандары бар уақытша вахталық кент орналасады. Атырау облысы Мақат ауданы әкімдігінің қаулысымен жалпы ауданы 5141,2 га болатын 3300 метрлік санитарлық-қорғау аймағының радиусы белгіленген.
ГКӨҚ үшін шикізат Қашағаннан келетін ілеспе мұнай газы болады. Ол қондырғыға диаметрі 400 мм құбыр арқылы кемінде 5,8 МПа қысыммен беріледі.
1 млрд текше метр газдан 727 млн текше метр тауарлық газ, 115,5 мың тонна сұйытылған газ, 17 мың тонна газ конденсаты және 218,5 мың тонна түйіршіктелген күкірт алу жоспарлануда.
Тауарлық газ Мақат – Солтүстік Кавказ магистральдық газ құбырына жіберіледі. Сұйытылған газ, конденсат және күкірт теміржол және автомобиль көлігімен тасымалданады.
Сонымен қатар комитет нысанның санитарлық-қорғау аймағын нақтылау және құрылыстың сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарларға, оның ішінде Қызыл кітапқа енген құстарға ықтимал әсерін бағалау қажеттігін атап өтті.


