Қаскелеңдегі перзентханада шала туған үшем сәбилер қайтыс болды. Марқұм нәрестелердің туыстары кінәлілерді жауапқа тартуды талап етіп отыр, деп хабарлайды infohub.kz.

28 жастағы әйел жүктіліктің алтыншы айында үш ұл туған. Туыстардың айтуынша, екі сәби туғаннан кейін бірден көз жұмса, үшіншісінің өлімі туралы әкесі кездейсоқ білген. Қайғыдан қан жұтқан ата-ана енді ұлының денесін беруді сұрап, мұқият тергеу жүргізуді талап етіп отыр.

Туыстар босанушыға кесар тілігін ұсынғанын, алайда дәрігерлер табиғи босануға мәжбүрлегенін айтады. «Бізге кесар тілігі жасалуы керек деді. Бірақ неге екенін білмейміз, Айдананы өз бетімен босануға мәжбүрледі. Таңертең оның өзі күйеуіне екі баланың өлгенін жазды. Ал үшіншісін дәрігерлер бөлімшеде деді. Біз екі нәрестені жерлеуге кеттік. Кейін үшіншісінің де қайтыс болғанын білдік. Неге дәрігерлер бұл туралы бізден жасырды?» — деді туыс Жазира Түлешова.

Олар сондай-ақ балалардың өлім себебін айтпағанын мәлімдейді. «Бізге ешқандай құжатсыз екі баланы жәшікке салып берді. Менің өзіме түскі сағат екінің жарымында екі нәрестені қорапқа салып ұстатты. Біз мұның бәрі қалай болғанын, балаларымызды қалай жоғалтқанымызды білгіміз келеді. Не болды? Біз эксгумация жасап, үш баланың да ДНҚ-сын растауды талап етеміз», — деді туыс Ержан Екейбаев.

Дәрігерлер өздерінің хаттама бойынша әрекет еткенін айтады. Олардың айтуынша, босанушы шұғыл түрде ауруханаға жатқызылған. Үш нәресте төтенше төмен салмақпен дүниеге келген — олардың мүшелері толық жетілмеген. «25 апталық мерзімдегі үшеммен босану — аса ауыр жағдай және шұғыл госпитализацияны талап етеді. Туған кезде салмағы 500 грамнан аз болса, бұл төтенше төмен салмақ саналады, бұл кезде өмірлік маңызды мүшелер, әсіресе өкпе мен орталық жүйке жүйесі әлі толық қалыптаспаған», — делінген Қарасай аудандық клиникалық көпсалалы орталық ауруханасының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Енді қайғыға батқан ата-ана үшінші баланың денесін беруді күтіп отыр. Туыстар полицияға арызданған — олар апатқа кінәлілердің жазалануын қалайды.