Алматы облысының Каскелен қаласында жартылай жалаңаш күйде жергілікті мектептің бір сыныбының терезесін сындырып, ғимаратқа кіріп кеткен ер адам ұсталды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Оқиға Instagram әлеуметтік желісіндегі Кris.p.karasai аккаунтында жарияланған бейнежазбаға түсіп қалған. Кадрларда оқушылар сынып терезесінен жүгіріп бара жатқан жартылай жалаңаш ер адамды түсіріп тұр, балалардың абыржыған дауыстары естіледі. Ер адам сыныптың жанында болған кезде оқушылар терезені бір жауып, бір ашып отырған. Белгілі бір сәтте ол бұрылып, терезені сындырып, сыныпқа секіріп кірді — сол мезетте жазбада балалардың айқайы естіледі. Бейнежазба ересек ер адамдардың бұзақыны тыныштандыруға тырысуымен аяқталады.

«Бүгін Каскелендегі Отарвановка шағын ауданында орналасқан Әлімқұлов атындағы мектепте алаңдатарлық оқиға болды. Куәгерлердің айтуынша, жалаңаш ер адам мектеп ғимаратына терезе арқылы кіріп кеткен. Осы кезде күзет қайда болды деген заңды сұрақ туындайды. Бөгде адам оқу орнының аумағына қалай кедергісіз кіре алды? Мектеп — балалардың қауіпсіздігі мен қорғалуы қамтамасыз етілуі тиіс орын. Мұндай оқиғалар ата-аналарды қатты алаңдатады», — делінген бейнежазбаның сипаттамасында.

Жағдайды Алматы облысы полиция департаментінде түсіндірді. Онда бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқушылар мен мұғалімдер арасында зардап шеккендер жоқ. Қазіргі таңда болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Күдіктінің психикалық денсаулық жағдайы қылмыстық іс аясында тексерілетін болады», — делінген хабарламада.