Kaspi.kz директорлар кеңесі акционерлерге бір акцияға 1 мың теңге көлемінде дивиденд төлеуді бекітуді ұсынды, бұл жалпы сомасы 199,5 миллиард теңгені құрауы мүмкін, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Компания 9 қыркүйекке жоспарланған акционерлер жиналысын өткізетінін мәлімдеді. Күн тәртібіне жай акциялар бойынша пайданы бөлу мәселесі енгізілген.
Директорлар кеңесі бір жай акцияға 1 мың теңге көлемінде дивиденд бекітуді ұсынды. Kaspi.kz орналастырылған акцияларының саны 199,5 миллионды құрайтынын ескерсек, төлемдердің жалпы көлемі 199,5 миллиард теңгеге жетуі мүмкін.
Акционерлер тізімінің тіркелу күні алдын ала 2026 жылғы 8 қыркүйекке белгіленген. Алайда дивидендтер қандай кезең үшін төленетіні нақтыланбаған.
Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша финтех-компанияның таза пайдасы 1 триллион теңгені құрады.
Kaspi.kz құрамына Kaspi Bank, түрік маркетплейсі Hepsiburada, Kaspi маркетплейсі, Kaspi Pay, Kaspi Travel ЖШС және Kaspi Office ЖШС кіреді. Kaspi.kz акциялары мен жаһандық депозитарлық қолхаттары NASDAQ, KASE және AIX биржаларында сатылады.
Kaspi.kz ірі акционерлері Михаил Ломтадзе (23,04%), Вячеслав Ким (20,06%) және Baring қорлары (19%) болып табылады.
Еске салайық, маусым айында Kaspi.kz бірінші тоқсандағы дивидендтерді бір акцияға 850 теңге көлемінде, жалпы сомасы 161,5 миллиард теңге төлейтінін хабарлаған болатын.


