Маңғыстау облысындағы Құрық ауылының маңында, Каспий теңізінің жағалауынан ерекше тасбақа байқалды. Бұл түр үшін теңіз — мүлдем жат орта, сондықтан оның пайда болуы мамандарды таңғалдырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Lada.kz жазуынша, кадрларда қара қабыршақты, басы мен аяқтарында ұсақ сары дақтары бар ірі батпақ тасбақасы түсірілген. Видеода ол құмды жағалауда, қабыршақтар арасында жылдам жорғалап барады.
Биолог Василий Бастаевтың айтуынша, бұл тасбақаның Каспий теңізінен табылуы әзірге жұмбақ күйінде қалып отыр. Мамандар оның теңізге қалай тап болғанын және тұзды суда ұзақ тіршілік ете алатынын әлі білмейді.
Бірнеше болжам бар. Мысалы, тасбақа теңізге адамның кесірінен тап болуы мүмкін. Ақтау тұрғындары көлдерден жануарларды үйге әкеліп, кейін олар қажетсіз болғанда табиғатқа жіберген болуы ықтимал. Балық аулау торларына байланысты нұсқа да жоқ емес: тасбақалар кездейсоқ торға түсіп, аумен бірге теңізге кетуі мүмкін.
Одан бөлек, ерекше болжам да бар. Бәлкім, тасбақалар біртіндеп жаңа жағдайларға бейімделіп келе жатқан болар. ECO-SOCIAL қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Әділбек Қозыбақовтың пікірінше, уақыт өте келе мұндай бейімделу теориялық тұрғыдан тұзды суға шыдайтын тұщы су тасбақасының жаңа түршесінің пайда болуына әкелуі мүмкін.
Бұған дейін Kursiv LifeStyle АҚШ-тағы қорықтан екі басты тасбақа табылғанын жазған болатын.


