Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан аға лейтенант Олжас Мұхтарұлының денесі арнайы әскери ұшақпен Түркістанға жеткізілді. Қазақстан Қорғаныс министрлігі әскери қызметшінің денесі туған жеріне жөнелтілгенін хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.

«Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу барысында қаза тапқан аға лейтенант Олжас Мұхтарұлының денесі әскери ұшақпен туған жері — Түркістанға жеткізілді», — делінген қорғаныс ведомствосының хабарламасында.

Олжас Мұхтарұлы Түркістан облысының тумасы болатын. Оның денесі қоштасу мен жерлеу рәсімі үшін өңірге әкелінді.

Бұған дейін Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан Батыс Қазақстан облысының үш әскери қызметшісінің денесі Оралға жеткізілгені хабарланған. Қоштасу мен жерлеу рәсімі 26 қыркүйекте өтеді.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Әскери-теңіз күштерінің Каспийдегі оқу-жауынгерлік міндеттерін орындауы кезінде кенеттен басталған дауыл мен екпінді желден 17 әскери қызметші ашық теңізге ағызылып кеткен. Оқиға салдарынан 14 адам қаза тапты.

Төтенше оқиғаның себептерін анықтау үшін Премьер-министр орынбасары Қанат Бозымбаев басқарған үкіметтік комиссия құрылды. Немқұрайлылық және кеме жүргізу ережелерін бұзу баптары бойынша қозғалған қылмыстық іс Бас прокуратураның ерекше бақылауында.

Сарбаздардың қаза табуына байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Бас прокуратура 30 әскери қызметшіден жауап алып, күдіктілер шеңберін анықтағанын мәлімдеді.

Каспийдегі «Хазар қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына қатысты іс бойынша Қазақстан Қорғаныс министрлігінің бес офицері ұсталды.