Маңғыстау облысында Каспий теңізінің акваториясында ауқымды іздестіру-құтқару операциясы тәулік бойы үздіксіз жүргізілуде — ауа райының кенеттен нашарлауынан кейін хабар-ошарсыз кеткен екі әскери қызметші іздестірілуде, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қорғаныс министрлігінің ресми Telegram-арнасында мәлім еткендей, жұмыстар Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев басқаратын Үкіметтік комиссияның тапсырмасымен атқарылуда.

Іздестіру-құтқару жұмыстарын жедел басқаруды Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов жүзеге асыруда. Құрылған жедел штабтың құрамына Қорғаныс министрлігінің, ҰҚК Шекара қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің, сондай-ақ Маңғыстау облысының жергілікті атқарушы органдарының өкілдері кірді.

«Ауқымды іздестіру-құтқару операциясына 252 адам жеке құрам, 34 бірлік арнайы жерүсті техникасы, 37 әскери сүңгуір, 14 кеме мен қайық, сондай-ақ 4 тікұшақты қоса алғанда 20-дан астам әуе кемесі жұмылдырылды. Ведомстволардың күштері мен құралдарымен су акваториясын, жағалау аймағын және іргелес аумақтарды әуеден үздіксіз патрульдеу мен тексеру жүргізілуде», — деді Қорғаныс министрлігінде.

Оқиға фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, арнайы комиссия болған жағдайдың барлық себептері мен мән-жайларын анықтау үшін тергеу шараларын жүргізуде.

Қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккен әскери қызметшілерге қажетті материалдық және психологиялық көмек көрсетіледі.

Еске салайық, оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында ауа райының кенеттен және күрт нашарлауы мен екпінді желден 17 әскери қызметші ашық теңізге ағызылып кеткен болатын. Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде үш әскери қызметші құтқарылып, екеуін іздеу жалғасуда. Өкінішке қарай, 12 әскери қызметші қаза тапты. Бүгін Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні.