Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде Маңғыстау облысында қаза тапқан сарбаздардың қызмет етуіне небәрі 8 күн қалған — үйге билеттері сатып алынған болатын. Бұл туралы Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының орынбасары Арман Сатқанов айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Оның айтуынша, қаза тапқандар әскери-теңіз базасының теңіз жаяу әскерінің десанттық-шабуылдау батальоны құрамында қызмет етіп, жақсы нәтиже көрсеткен. Трагедия алдында әскерилер екі рет жаттығу өткізген, олардың барлығы түсіру тәртібін білген.

«Жігіттер әскери-теңіз базасының теңіз жаяу әскерінің десанттық-шабуылдау батальоны құрамында жақсы қызмет етті. Бұған дейін екі жаттығу өткізілді, жігіттер түсіру туралы бәрін білді. Бұл бүкіл Қазақстан бойынша өткен ірі қорытынды стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығулар еді. Эпизодтардың бірі — теңіз десантын жағаға түсіру. Бірақ түсіру күні толқын көтеріліп, оларды түсіру кезінде басып қалды», — деп келтіреді Арман Сатқановтың сөзін «Мой город» басылымы.

Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының орынбасары оқиғаға қатысы барлардың барлығы қазір жауап беріп жатқанын қосты. Министрлік тарапынан қаза тапқандардың туыстарына психологиялық және қаржылық көмек көрсетілуде.

Еске салайық, 24 қыркүйекте оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райының кенеттен және күрт нашарлауы мен екпінді желден Каспий теңізіне 17 әскери қызметшіні алып кетті. Олардың он төрті қаза тапты.

Үш әскери құтқарылды, біреуі ауруханаға жатқызылды. Кеше облыстық денсаулық сақтау басқармасы пациент Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасына жеткізілгенін, оның жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланғанын хабарлады.

Аман қалғандардың арасында Атырау облысының 19 жастағы Бекет Қуандық бар.