Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері Каспий теңізінің жағалауында құтқару операциясын жүргізді. Ауа райының күрт нашарлауынан адамдар мінген үрлемелі қайық жағадан алыстап кетті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Оқиға өткен түні болды. Резиналы қайықта үш адам болған. Күшті екпінді жел олардың жағаға жету жолын кесіп, қайықты ашық теңізге алып кетті. Жоғалғандарды іздеуге құтқару бөлімшелері дереу аттанды.
Ведомство қызметкерлері ағызылған қайықты жедел тауып, барлық жолаушыларды аман-есен жағаға жеткізді. Құтқарылғандар медициналық көмекке мұқтаж болмады. Мамандар азаматтарға судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін тағы да еске салды. Жел күшейген кезде теңізге шығуға қатаң тыйым салынады.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізінің жағалауында ауа райы нашарлап, жел күшейді. Соның салдарынан әскери қызметшілер тобы теңізге ағызылды. Маңғыстау облысы әкімдігінің нақтыланған деректері бойынша, суға 17 адам түскен. Олардың 14-і қаза тапты. Оқиға орнында вице-премьер Қанат Бозымбаев бастаған үкіметтік комиссия жұмыс істеуде. Ол іздеу жұмыстарын тәулік бойы жүргізуді және қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Оқиғаның себептері мен мән-жайы қылмыстық іс аясында анықталуда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алу күні — жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаған болатын.


