Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің Каспий теңізі жағалауындағы оқу-жаттығуы кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Үкіметтік комиссия отырысында ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов баяндады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 453-бабының 2-бөлігі — «Қызметке немқұрайлы қарау, ауыр зардаптарға әкеп соққан» — және 465-бабы — «Кеме жүргізу ережелерін бұзу» бойынша қозғалды.

Тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешені жүргізілуде, мамандар тартылып, қажетті сот сараптамалары тағайындалды.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев болған оқиғаның барлық мән-жайын толық көлемде қысқа мерзімде анықтауды және трагедияға кінәлі адамдарға шара қолдануды тапсырды.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің Каспий теңізі жағалауындағы оқу-жаттығуы барысында ауа райының күрт нашарлауы мен желдің күшеюіне байланысты әскери қызметшілерді теңізге ағызып әкетті.

Алғашында теңізге 19 әскери қызметші ағызылып кеткені, 9 әскери қызметшінің қаза тапқаны бірден расталғаны хабарланды. Бас прокуратура Ақтау гарнизонында қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқанын мәлімдеді.

Әскери қызметшілер қаза тапқаннан кейін үкіметтік комиссия құрылып, төтенше оқиға орнына премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жіберілді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты көңіл айтып, трагедияны тергеу жөнінде тапсырмалар берді.

Ақтауда Қала күніне орай мерекелік іс-шаралар тоқтатылды. Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Көп ұзамай премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың басшылығымен комиссия Маңғыстау облысына келді. Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқандардың туыстары мәйіттерді анықтау үшін Ақтаудағы мәйітханаға келді.

24 қыркүйек кешінде нақтыланған деректер белгілі болды. Теңізге 17 адам ағызылып кетті, олардың 12-сі қаза тапты, үшеуін құтқарып қалу мүмкін болды. Қалған екі әскери қызметшіні іздеу жалғасуда.

Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскерилердің тізімін жариялады. Тізімге 11 матрос және бір аға лейтенант енді.

Бұдан бөлек, Қанат Бозымбаев Каспий теңізіндегі трагедияға кінәлі барлық лауазымды тұлғалар «әрекеті немесе әрекетсіздігі» үшін жазаланатынын уәде етті. БАҚ кейбір қаза тапқандардың демобилизацияға дейін санаулы күн қалғанын білді.

Қорғаныс министрлігі Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты. Сондай-ақ Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 815 млн теңге жіберетіні белгілі болды.