Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің өмірін жалмаған төтенше оқиғаның себептерін тергеу және салдарын жою мәселелеріне арналған үкіметтік комиссияның кезекті отырысы Ақтауда өтті. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов комиссия төрағасы Қанат Бозымбаевқа сотқа дейінгі тергеу барысы туралы баяндады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Санжар Әділовтің айтуынша, қылмыстық іс аясында күдіктілер мәртебесі процестік тұрғыдан тіркеліп, Ақтау қаласының уақытша ұстау изоляторына бес лауазымды тұлға қамалды: штаб бастығы — Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары, екі әскери бөлім командирі, теңіз жаяу әскері ротасының командирі және катер командирі.

«Тергеу және процестік іс-шаралар толық көлемде жалғасуда, қажетті сараптамалар жүргізілуде. Тергеу барысында барлық қатысы бар адамдардың әрекеттеріне қатаң құқықтық баға беріліп, күдіктілердің толық шеңбері түпкілікті анықталатын болады», — деді ішкі істер министрінің орынбасары.

Қанат Бозымбаев заңмен кепілдендірілген төлемдердің кідіріссіз жүргізілетінін, әр отбасына тұрақты нысаналы қолдау көрсету үшін жауапты мамандар бекітілетінін атап өтті.

Ол сондай-ақ қазақстандықтардың азаматтық бастамасының арқасында қаражат жинау аяқталғанын мәлімдеді. Қаза тапқандардың отбасылары мен зардап шеккендерге қор қаражатын әділ бөлу үшін Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Маңғыстау облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов басқаратын арнайы комиссия құрылды.

Еске салайық, 24 қыркүйекте оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында ауа райының кенеттен күрт нашарлауы мен екпінді желдің салдарынан Каспий теңізіне 17 әскери қызметші ағып кетіп, олардың 14-і қаза тапты. Үшеуі құтқарылды.

Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша қозғалды. Қазіргі таңда Қорғаныс министрлігінің жоғары қолбасшылық құрамындағы бес лауазымды тұлғаның ұсталғаны белгілі. Бүгін қорғаныс министрі кінәлілер заңның барлық қатаңдығымен жазаланатынын уәде етті.