Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде әскерилердің қаза табуына қатысты тергеу жалғасып жатыр. Тергеу нақты тұлғаларға ауысты: қызметке немқұрайлы қарады деп күдіктелген лауазымды адамдар анықталды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Қазақстан Бас прокуратурасы өзінің ресми Telegram-арнасында хабарлағандай, іс бойынша оқиға орны қаралып, 30-дан астам әскери жауапқа тартылды, құжаттама мен бейнематериалдар алынды. Сонымен қатар 12 сараптама тағайындалды.
«Қызметке немқұрайлы қарады деп күдіктелген, сондай-ақ метеожағдайды ескере отырып, жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бақылауды және қажетті шараларды қолдануды қамтамасыз етпеген, құтқару жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастырмаған, салдарынан адамдардың қаза табуына әкеп соққан лауазымды адамдар анықталды», — делінген Бас прокуратура мәлімдемесінде.
Ведомство тергеу барлық күдіктілерге толық құқықтық баға беріп, процестік шаралар қолданатынын атап өтті.
Еске салайық, 24 қыркүйекте оқу-жауынгерлік міндетті орындау барысында метеорологиялық жағдайдың кенеттен және күрт нашарлауы мен екпінді желдің салдарынан Каспий теңізіне 17 әскериді ағызып әкетті. Үшеуі құтқарылды, 12-сі қаза тапты, екеуін іздеу жалғасуда. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бүгін Қазақстанда — Жалпыұлттық аза тұту күні.


