Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғадан кейін ауруханаға жатқызылған сарбаздың жағдайы тұрақты, емделуін жалғастырып жатыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Басқарма басшысы Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, сарбаз түскен кезде қажетті тексерулерден өткен.

«Түскен кезде ол барлық тексеруден өтті. Қазір жағдайы тұрақты, терапия бөлімшесінде ем қабылдап жатыр. Сарбаз медицина қызметкерлерінің бақылауында», — деді Ізбасаров 24KZ телеарнасына.

Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Каспийде Әскери-теңіз күштерінің оқу-жауынгерлік тапсырмаларын орындау барысында болды. Кенеттен шыққан дауыл мен екпінді желден 17 сарбаз ашық теңізге ағызылып кетті.

Оқиға салдарынан 12 адам қаза тапты, үшеуін құтқару мүмкін болды.

Төтенше жағдайдың себептерін анықтау үшін Премьер-министр орынбасары Қанат Бозымбаев басқарған үкіметтік комиссия құрылды. Немқұрайлылық және кеме жүргізу ережелерін бұзу баптары бойынша қозғалған қылмыстық іс Бас прокуратураның ерекше бақылауында.

Сарбаздардың қаза табуына байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Бұған дейін «Курсив» Каспий теңізінде сарбаздарды іздеу жалғасып жатқанын жазған. Операцияға жүздеген адам мен ондаған арнайы техника жұмылдырылды.

Бас прокуратура 30 сарбаздан жауап алып, күдіктілер шеңберін анықтағанын мәлімдеді.

25 қыркүйекте Каспий акваториясынан тағы екі сарбаздың денесі табылды. Қорғаныс министрлігі іздеу-құтқару операциясын аяқтады.