Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан аман қалған әскери қызметші Никита Удаловтың туыстары ресми мәлімдеме жасады. Жас жігіт басынан өткенді әзірге жария түрде айтуға дайын емес, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Мәлімдеме мәтіні Никита Удаловтың ағасының Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланды. Үндеуде туыстары расталмаған ақпараттың таралуын тоқтатуды сұрап, әскери қызметшінің журналистермен неге байланыспайтынын түсіндірді.
«Никита өзін өзі құтқарып қалды. Қайғылы сәтте ол бағдарлай біліп, жағаға жетіп, аман қалды. Қазір көпшілік оның бұны қалай істегенін және нақты не болғанын сұрап жатыр. Бірақ ол әзірге бұл туралы айтуға дайын емес. Біз бұған түсіністікпен қарауды сұраймыз. Ол бір күнде ұмытылмайтын нәрсені басынан өткерді. Қазір ол жариялылықты қаламайды, сұхбат бергісі келмейді және егжей-тегжейін айтуға дайын емес. Біз мұны құрметтеуді өте сұраймыз», — делінген мәлімдемеде.
Еске салайық, 24 қыркүйекте оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында ауа райының кенеттен күрт нашарлауы мен екпінді желдің салдарынан Каспий теңізіне 17 әскери қызметші ағызылып кетті. Олардың он төртеуі қаза тапты.
Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Никита Удалов пен аман қалған тағы екі әскери қызметшіні «Ерлігі үшін» медалімен марапаттаған болатын.
Сонымен қатар Қазақстанның қорғаныс ведомствосы басшылығында кадрлық өзгерістер болды. Дәурен Қосанов қорғаныс министрі қызметінен босатылды. Оның орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды.


