Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде хабарсыз кеткен тағы екі әскери қызметшінің денесі Каспий теңізінен табылды. Ақпаратты Қорғаныс министрлігі растады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Іздеу-құтқару жұмыстары түні бойы тоқтаған жоқ. Осылайша, оқиға салдарынан қаза тапқандар саны 14 адамға жетті. Іздеу операциясы аяқталды.
«Бүгін, 25 қыркүйекте, сағат 09:15 шамасында үздіксіз іздеу-құтқару жұмыстары барысында бұрын хабарсыз кеткен екі әскери қызметшінің — сержант Гумаров Мансұрдың және матрос Тұрдыбекұлы Мирастың денесі табылды», — делінген хабарламада.
Маңғыстау облысында Каспий теңізінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көмек жинау үшін бірыңғай оператор айқындалды. Ол «Ұлттық рух» қоғамдық бірлестігі болды.
Әкімдікте түсіндіргендей, бірыңғай тетік қаза тапқандардың отбасыларына көмектесуге ниет білдірушілердің көптігіне байланысты және алаяқтықтың алдын алу үшін құрылды. Жиналған қаражат тек әскери қызметшілердің отбасыларына жіберіледі, оның жұмсалуын мемлекеттік және құқық қорғау органдары бақылайды.
Тұрғындарды ақшаны жеке карталарға және белгісіз шоттарға аудармауға шақырды.
Ресми деректемелер:
«Ұлттық рух» қоғамдық бірлестігі
БСН: 090140013447
Банк: «Alatau City Bank» АҚ
БСК: TSESKZKA
ЖСК: KZ03998PTB0000488655
Валюта: KZT
Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Каспийдегі Әскери-теңіз күштерінің оқу-жауынгерлік тапсырмаларын орындау кезінде болды. Кенеттен басталған дауыл мен екпінді желден 17 әскери қызметші ашық теңізге ағызылып кетті.
Оқиға салдарынан 12 адам қаза тапты, үшеуін құтқару мүмкін болды (біреуі ауруханаға жатқызылды), тағы екеуін іздеу жалғасуда.
Төтенше жағдайдың себептерін анықтау үшін Премьер-министр орынбасары Қанат Бозымбаев басқаратын үкіметтік комиссия құрылды. Немқұрайлылық және кеме жүргізу ережелерін бұзу баптары бойынша қозғалған қылмыстық іс Бас прокуратураның ерекше бақылауында.
Сарбаздардың қаза табуына байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Бұған дейін «Курсив» Каспий теңізінде әскери қызметшілерді іздеу жалғасып жатқанын жазған. Операцияға жүздеген адам мен ондаған арнайы техника жұмылдырылды.
Бас прокуратура 30 әскери қызметшіден жауап алып, күдіктілер шеңберін анықтағанын хабарлады.


