Ресей Ғылым академиясы Мұхиттану институтының ғалымдары Каспий теңізінің жылдам таязданып жатқанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, 1996 жылдан 2025 жылға дейін су бетінің ауданы 7,4%-ға қысқарған, деп хабарлайды infohub.kz.

Зерттеу деректеріне сәйкес, 1996 жылдан 2025 жылға дейін Каспий теңізінің айдыны 28 644 шаршы шақырымға (1996 жылғы ауданның 7,4%-ы) кеміген. Ғалымдар жоғалған аумақ Албания аумағымен шамалас болғанымен, қысқару қарқыны су деңгейінің төмендеу жылдамдығымен салыстырғанда салыстырмалы түрде аз екенін атап өтті. 1995 жылдан бері Каспий деңгейі жылына орта есеппен 10 сантиметрге төмендеп, осы уақыт ішінде үш метрге жуық төмендеген.

«Бұл кері салдарға әкелді: Еділ-Каспий теңіз кеме жүретін каналының және Каспийдегі барлық порттардың таяздануы кеме жүзуді қиындатып, теңіз елді мекендерден алыстап жатыр», — деп атап өтті зерттеушілер.

Қазіргі үрдіс сақталса, XXI ғасырдың соңына қарай Каспий теңізінің деңгейі тағы 2–21 метрге төмендеуі мүмкін. Зерттеудің жетекші авторы, институттың бас ғылыми қызметкері Андрей Костяной: «Біз әзірге теңіз деңгейінің төмендеуінің баяулағанын көріп отырған жоқпыз, керісінше, 2005–2019 жылдары теңіз деңгейі жылына орта есеппен 8,16 сантиметрге төмендесе, 2020–2024 жылдары бұл көрсеткіш жылына 22,7 сантиметрге дейін өсті», — деді.