Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиғадан аман қалған әскери қызметші облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің тұрақты бақылауында жатыр. Бұл туралы өңірлік денсаулық сақтау басқармасы хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.

«Науқасқа қажетті медициналық көмектің барлығы толық көлемде көрсетілуде. Әскери қызметшінің жағдайы қазіргі таңда ауыр күйде тұрақты деп бағаланып отыр», — делінген басқарма хабарламасында.

Дәрігерлер емдеуді жалғастырып, науқастың жағдайын қадағалап отыр. Ахуал облыстық денсаулық сақтау басқармасының бақылауында.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Әскери-теңіз күштерінің әскери қызметшілері Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндетін орындаған болатын. Қорғаныс министрлігінің дерегінше, ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Теңізге 19 адамды ағызып әкеткен. Тоғыз әскери қызметші қаза тапты, үшеуін аман алып қалуға мүмкіндік болды. Қалғандарын іздеу жалғасуда.

Әскерилердің қаза болуына қатысты қылмыстық іс қозғалды, тергеу барысын Бас прокуратура ерекше бақылауға алды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтып, 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Бұған дейін «Курсив» вице-премьер Қанат Бозымбаев басқарған үкіметтік комиссияның ведомстволар жұмысын үйлестіру және қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсету үшін өңірге келгенін хабарлаған еді.