Қазақстанның кассациялық соты алаяқтық туралы іс бойынша сот актілерін өзгертті: параның заты ретінде алынған 27 млн теңге мемлекет кірісіне өндірілді, ал жәбірленушілер мәртебесі мен шығынды өтету құқығынан айырылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Іс материалдарына сәйкес, заңгерлік қызмет көрсету кезінде П. есімді азаматша екі адамнан 7 млн және 20 млн теңге алып, ол қаражатты лауазымды тұлғаларға олардың мәселелерін оң шешу үшін бермек болған. Ақшаны беру ниеті болмаған сотталған әйел оны алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен иемденіп алған.
Бірінші сатыдағы сот П-ны аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны және пара беруге айдап салғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырып, екі азаматтың пайдасына келтірілген материалдық шығынды өндірді. Апелляциялық саты үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Кассациялық сот жергілікті соттардың сотталғанның кінәлілігі, оның әрекеттерінің саралануы және тағайындалған жаза туралы тұжырымдарын негізді деп таныды. Алайда ақша қаражатын иеліктен шығаруға қатысты сот актілері өзгертілді.
Ведомство атап өткендей, сот екі азаматтың ақшаны оның кейін пара беруге арналғанын біле тұра өз еркімен бергенін анықтады. Сондықтан кассациялық сот олардың жәбірленуші және азаматтық талап қоюшы ретіндегі қатысуын тоқтатып, олардың пайдасына материалдық шығынды өндіруді жойды.
27 млн теңгенің параның заты болғанын ескере отырып, Жоғарғы Соттың 2015 жылғы 27 қарашадағы № 8 нормативтік қаулысының 29-тармағына сәйкес, егер параның заты табылмаса, оның құны заңсыз иемденілген мүлік ретінде мемлекет кірісіне өндірілуге жатады, деп түсіндірді сот. Осыған байланысты сотталған әйелден 27 млн теңге сомасындағы параның заты мемлекет кірісіне өндірілді.


