Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот бөтен тауар белгісімен жабылған дәнекерлеу электродтарын сатуға байланысты 39 млн теңге өндіру туралы дауды қарады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Тауар белгілерін пайдалану құқығына ие компания қазақстандықтан 39 млн теңге материалдық шығын өндіруге әрекеттенген. Оған заңсыз пайдаланылған тауар белгісімен қапталған контрафактілі дәнекерлеу электродтарын сату себеп болған.
«Тауар белгісін заңсыз пайдалану фактісі рақымшылыққа байланысты тоқтатылған қылмыстық іс аясында анықталды. Тергеу барысында 8,9 мың қаптама өнім тәркіленіп, оның құны маман қорытындысымен белгіленді», — делінген хабарламада.
Бірінші сатыдағы сот компанияның ақша өндіру талабын қанағаттандырмады. Апелляциялық саты бұл шешімді қолдады.
Талап қоюшының өкілі кассациялық шағым беріп, бұрын шығарылған сот актілерін жоюды сұрады. Ол соттар тергеу органы қаулысының маңызын ескермегенін, онда құқық бұзушылық фактісі, жауапкердің кінәсі және тәркіленген өнімнің құны анықталғанын алға тартты.
«Кассациялық сот шағымдағы дәлелдермен келіспеді. Талаптың мәні тауар белгісіне айрықша құқықты бұзғаны үшін өтемақы емес, материалдық шығынды өтеу болғанын атап өтті. Сотқа ұсынылған маман қорытындысы тәркіленген өнімнің құнын анықтағанымен, талап қоюшының нақты шеккен шығынын немесе жіберіп алған пайдасын растамады. Сондай-ақ талап қоюшы шығынды өтеудің орнына заңда көзделген өтемақы төлеуді де талап етпеген», — деп қосты сотта.
Осылайша, тауар белгісін заңсыз пайдалану фактісінің анықталуы талап қоюшыны мәлімделген шығын мөлшерін дәлелдеу міндетінен босатпады.
Түбінде кассациялық сот төменгі сатыдағы соттардың шешімдерін өзгеріссіз, ал компанияның шағымын қанағаттандырусыз қалдырды.


