Ақтөбелік әйел ұлының Грецияда 125 жылға бас бостандығынан айырылғанын хабарлады. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды infohub.kz.

Aktobe times басылымының мәліметінше, редакцияға жергілікті тұрғын Нұрхан Қадырова жүгінген. Ол 24 жастағы ұлы Рашид Қадировтың Түркиядағы жұмыс туралы хабарландыруға жауап бергенін, бірақ соның орнына ұзақ мерзімге түрмеге қамалғанын айтты.

«Рашид — менің ортаншы ұлым. Ол заттарын жинап, ешкімге ештеңе айтпай кетті. Кейін маған оның жұмыс істеу үшін Түркияға ұшқанын айтты. Бұл мен үшін соққы болды. Кейін ол өзі бейтаныс нөмірден қоңырау шалып: "Анашым, мен түрмедемін, Грециядамын" деді. Instagram-да жұмыс туралы хабарландыруды көргенін айтты. Оған ұшақ билетін төлеп, туристерге арналған моторлы қайықпен серуендеуге байланысты жұмыс уәде еткен. Кейін заңсыз мигранттарды тасымалдау туралы екені белгілі болды. Ол өзінің неге тартылғанын түсінбеді», — деді әйел.

Нұрхан Қадырованың айтуынша, оның ұлы шет тілін білмейді, жанында аудармашы болмаған. «Оған жай ғана құжаттарға қол қою керектігін айтқан, әйтпесе мерзім одан әрі ұзарады деген. Қазір оған 125 жыл бас бостандығынан айыру жазасы және айыппұл салынды, ол теңгеге шаққанда 1 млрд теңгені құрайды. Ол өте жас, ақша тапқысы келді, бірақ осындай қиындыққа тап болды», — деп қосты әйел.

NUR.KZ тілшісі ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сауал жолдады.

«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Грецияда жазасын өтеп жатқан Қазақстан азаматы туралы біледі. Аталған азамат гректік соттың шешімімен мигранттарды заңсыз тасымалдау үшін жауапкершілік көздейтін бап бойынша сотталды. Жергілікті заңнамаға сәйкес, бұл әрекет ауыр қылмыстар санатына жатады. Біздің Грециядағы дипломаттарымыз өз құзыреті шегінде азаматқа қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетуде. Мәселе бақылауда», — делінген жауапта.