27 шілдеде Қазақстанда қатты аптап ыстық, найзағайлы жаңбыр, бұршақ, қатты жел және шаңды дауылға байланысты дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды infohub.kz.
Қазгидрометтің мәліметінше, қауіпті ауа райы құбылыстары Алматы, Шымкент және еліміздің барлық 17 облысында күтіледі. Ең жоғары температура Қызылорда және Түркістан облыстарында болжанады: ауа +40…+42 градусқа дейін жылиды, сонымен қатар төтенше өрт қаупі сақталады.
Қатты ыстық (+35…+38 градус) Ұлытау, Ақмола, Қостанай және Алматы облыстарында да күтіледі. Бірқатар өңірлерде тұрақсыз ауа райы болжанады: Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Абай облыстарында, сондай-ақ Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстарының таулы аудандарында жаңбыр, найзағай, бұршақ және екпінді жел болуы мүмкін.
Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан және Ақтөбе облыстарында кей жерлерде шаңды дауыл күтіледі. Көптеген өңірлерде желдің екпіні 15–23 м/с-қа дейін жетеді, ал Түркістан облысының кейбір тау асуларында 25 м/с-қа дейін күшейеді. Алматыда төтенше өрт қаупі сақталып, Іле Алатауы тауларында күндіз қысқа мерзімді жаңбыр мен найзағай болуы ықтимал, жел 15–20 м/с-қа дейін күшейеді.
Шымкентте солтүстік-шығыс желдің екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. Ақтау, Жезқазған, Қонаев, Орал, Тараз, Семей және Павлодарда да желдің күшеюі күтіледі, кей жерлерде жаңбыр мен найзағай болуы мүмкін.


