Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте қазақстандықтардың қайсысы А санатына — әл-ауқаты жоғары азаматтар қатарына жататынын түсіндірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ведомство басшысы атап өткендей, А санаты әл-ауқаты жоғары адамдарды біріктіреді. «Бұл — ірі бизнес, агрохолдинг, жылжымайтын мүлік иелері. Олар 329 мың үй шаруашылығы, жалпы санының 5 пайызы. А санатындағы азаматтың табысы қандай болуы керек? Табыс — отбасының әр мүшесіне айына 350 мың теңгеден. Тұрғын үй — бір адамға 120 шаршы метрден асады. Яғни бұл бірнеше тұрғын үй нысаны болуы мүмкін: бір-екі пәтер немесе пәтер, не үй. Азаматтың ірі кәсіпорындары болуы мүмкін: екі және одан да көп орта кәсіпорын немесе үш және одан да көп шағын кәсіпорын. Люкс сыныптағы көлік: Rolls-Royce, Bentley, Ferrari, Lamborghini, Maybach, Porsche және т.б. Егер ол ауыл шаруашылығымен айналысса, онда 300 гектардан астам ауыл шаруашылығы жері. Сондай-ақ мал шаруашылығымен айналысса, 500 бастан астам ірі қара мал және т.б.», — деді министр.

Асқарбек Ертаев жеке-дара А санатындағы алты адамнан тұратын көпбалалы отбасының — ана, әке және төрт баланың — аты-жөні жасырылған мысалын келтірді. «Мұнда үй шаруашылығының әр адамға алатын табысы айына 458 мың теңге. Яғни барлық балаға, жұбайына, өзіне. Олардың 480 шаршы метр үйі, 300 шаршы метр пәтері бар. Оны әр адамға, алты адамға бөлсек, әр адамға 130 шаршы метрден келеді. Көліктері — 2023 жылғы Bentley. Коммерциялық жылжымайтын мүлік бар — 150 шаршы метр дүкен. Жұбайының бір шағын кәсіпорны, ЖШС бар. Бұл нақты мысал, аты-жөні жасырылған, А санатындағы үй шаруашылығы. Дәл осындай азаматтар, үй шаруашылықтары А санатына кіреді», — деп түсіндірді министр.