Ақмола облысында полиция мобильді қосымша арқылы банк шотынан 2 млн теңге жымқыру туралы қылмыстық істі тергеп жатыр. Оқиға Целиноград ауданында болған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, биылғы мамыр айында жергілікті тұрғын Қараөткел ауылында жеке үй құрылысын бастаған. Жұмысшы іздеу кезінде танысқан ер адамды ол жұмысқа жалдаған. Бірнеше ай бойы жалдамалы жұмысшы нысанда құрылыс және жөндеу жұмыстарын орындаған.

22 тамызда таңертең зардап шегуші ұялы телефонының жоғалғанын байқаған. Банк қосымшасын тексергенде, ол шотынан жалпы сомасы 2 миллион теңгеге бірнеше аударым жасалғанын көрген. Ақшаны алушы оның жұмысшысы болып шыққан. Алайда, белгілі болғандай, танысу кезінде ер адам өзін бөтен есіммен таныстырған.

Шот иесі дереу полицияға хабарлаған. Қызметкерлер жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, нәтижесінде қысқа мерзімде күдіктінің жеке басын анықтаған. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша қажетті жедел және тергеу әрекеттері жүргізілуде, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.