Қостанай облысындағы «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватында 22 тамызда Пржевальский жылқысының тұңғыш құлыны дүниеге келді. Бұл — Қазақстанға әкелінген жануарлардың алғашқы төлі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Құлын «Алиби» жабайы тұяқтыларды реинтродукциялау орталығында туған. Ол — еркек. Туғаннан кейін көп ұзамай аяғынан тік тұрып, анасының соңынан ерді.

Министрліктің мәліметінше, құлын мен бие өздерін жақсы сезінуде.

«Құлынның тууы реинтродукция бағдарламасын жүзеге асырудың маңызды нәтижесі болды және жануарлардың қазақ даласының табиғи жағдайына сәтті бейімделгенін көрсетеді», — деп хабарлады Экология министрлігі.

Құлынның анасы — жеті жасар Тесса атты бие. Оны 2024 жылы Берлиндегі Тирпарктен Қазақстанға әкелген. Бұл — оның алғашқы төлі.

Қазір құлын анасымен және басқа жылқылармен бірге жүр. Мамандар олардың жағдайы мен мінез-құлқын бақылауды жалғастыруда.

Пржевальский жылқысы, немесе керқұлан, Еуразиядағы жабайы жылқылардың соңғы сақталған түрі болып саналады. ХХ ғасырда ол табиғатта жойылды, бірақ хайуанаттар бағында өсіру арқылы түрді сақтап қалу мүмкін болды.

Пржевальский жылқысын Қазақстанға қайтару бағдарламасы 2024 жылы басталды. Сол кезде «Алтын дала» резерватына жеті жануар әкелінді. 2025 жылы тағы жеті, ал 2026 жылы сегіз жылқы жеткізілді.

2029 жылға дейін Қазақстанға шамамен 40 жылқы әкелу жоспарлануда. Бағдарламаның мақсаты — табиғатта өздігінен көбейе алатын тұрақты популяция құру.