Қазақстанда тамыз айындағы ҰБТ басталды, ол 14 тамызға дейін жалғасады. Қатысуға 30 мыңнан астам талапкер өтінім берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 10 тамызда Қазақстанда тамыз айындағы ҰБТ басталып, 14 тамызға дейін жалғасады. Тестілеуге 30 мыңнан астам өтінім қабылданды. ҰБТ тапсырушылардың 65%-ы қазақ тілінде, 35%-ы орыс тілінде, 100 адам ағылшын тілінде тест тапсыруға ниет білдірді. ҰБТ-ның алғашқы күнінде 6,7 мыңнан астам адам тест тапсырады.
Тамыз айындағы ҰБТ-ға ағымдағы және өткен жылдардағы мектеп пен колледж түлектері, қандастар, шетелде оқыған орта білім беру ұйымдарының түлектері, шығармашылық білім беру бағдарламаларынан басқа дайындық бағыттарына ауысқысы келетін студенттер, басқа білім беру бағдарламаларынан педагогикалық бағыттарға ауысатындар, сондай-ақ өткен оқу жылында шекті балл жинай алмаған, ақылы негізде жоғары оқу орындарына қабылданған адамдар қатысады.
Сонымен қатар, өз мамандығы бойынша жоғары оқу орнында ақылы негізде оқуды жалғастыруды жоспарлап отырған колледж түлектері әңгімелесу нәтижесі бойынша оқуға түсе алады. Бұл жағдайда қабылдауды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жүзеге асырады.


