Қазақстан мен Әзірбайжан Каспий теңізінің түбімен жаңа цифрлық байланыс желісін іске қосты. Жоба халықаралық коммуникацияны нығайтады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Президенттер Қазақстан мен Әзірбайжанды Каспий теңізінің түбімен жалғастырған жалпы ұзындығы 380 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісін салтанатты түрде іске қосты. ТОБЖ Қазақстанды, Орталық Азияның басқа елдерін және Қытайды Еуропамен байланыстыратын жаңа байланыс маршрутының бөлігі болады. Желі Жерорта және Қара теңіздердегі теңіз жүйелеріне қосылуы мүмкін.
Жоба Қазақстанның цифрлық экономикасын дамыту үшін стратегиялық маңызға ие. Атап айтқанда, Транскаспий ТОБЖ еліміздің халықаралық байланысын қосымша қамтамасыз етіп, жаһандық технологиялық компанияларды тартуға, бұлттық сервистер мен жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға жағдай жасайды.
Ауқымды жобаны іске қосу рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ТОБЖ Қазақстан мен Әзірбайжанның Орта дәлізді дамыту жөніндегі бірлескен күш-жігеріне қуатты синергетикалық әсер беретінін мәлімдеді.
«Біз халықаралық маңызға ие болатын өте маңызды жобаны іске қостық. Ең бастысы — бұл жаңа типтегі дәліз. Бұл көлік дәлізі емес, қазіргі заманға, цифрландыру дәуіріне сай келетін жаңа нәрсе. Бұл ынтымақтастықтың түбегейлі жаңа форматы, Орта дәліздің цифрлық көрінісі», — деп атап өтті Қазақстан президенті.
Өз кезегінде Ильхам Алиев ТОБЖ-ны іске қосуды Орталық Азия мен Әзірбайжан арасындағы өзара іс-қимылды нығайту жолындағы тағы бір қадам деп атады.
«Өткен жылы Әзірбайжан Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулеріне толыққанды мүше ретінде қабылданды, биыл мен осы ұйымның толыққанды мүшесі ретінде қатыстым. Бұл жоба ынтымақтастықты тереңдетуге қосқан тағы бір үлес болды, өйткені ТОБЖ-ны Орталық Азия елдері де, Оңтүстік Кавказ елдері де және одан да кең географиялық орта пайдаланатын болады. Біз бүгін жаһандық жобаға бастама бердік», — деді Әзірбайжан Республикасының президенті.
Мемлекет басшыларының қатысуымен Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзірбайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту мақсатындағы ынтымақтастық туралы қол қойылған келісімді алмасу рәсімі өтті.
Құжат жаһандық сауда-логистикалық тізбектердің трансформациясы жағдайында Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің (Орта дәліз) тұрақты жұмыс істеуі мен кешенді дамуы үшін бірыңғай құқықтық негізді қалыптастырады. Келісім инфрақұрылымдық қуаттарды синхронды кеңейтуді қамтамасыз етуге, маршруттың теміржол, автомобиль және порт учаскелеріндегі «тар жерлерді» жоюға, сондай-ақ Каспий теңізіндегі тереңдету флоты мен теңіз кеме қатынасын бірлесіп дамытуға мүмкіндік береді. Құжаттың негізгі блогы ақпараттық жүйелерді интеграциялауды, «бір терезе» қағидатын пайдалануды, жүктерді толық бақылауды және электрондық цифрлық қолтаңбаларды өзара тану туралы жеке келісім жасасуды көздейтін тасымалдауды ауқымды цифрландыруға арналған.
Сонымен қатар, келісім алдын ала хабарлау, тексерулерді барынша азайту және уәкілетті экономикалық операторлар мәртебесін өзара тану есебінен әкімшілік, шекаралық және кедендік рәсімдерді айтарлықтай жеңілдетеді.
Еске салайық, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуде өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) VII саммитінде сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Тоқаев Әзірбайжан мен Армения арасындағы татуласу процесін қолдады. Сондай-ақ Қазақстан мен Әзірбайжан көшбасшыларының нелерге келіскені белгілі болды.


