Қазақстанда шілде айының үш аптасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының орташа баға индексі 0,1%-ға төмендеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Сауда министрлігінің дерегінше, соңғы аптада қызанақ 15,1%-ға, қияр 18,2%-ға, сәбіз 5,2%-ға, жұмыртқа 2,4%-ға арзандаған. Ал еттің кейбір түрлерінің бағасы өсіп жатыр: қой еті 2%-ға, жылқы еті 1,3%-ға, тартылған ет 0,6%-ға қымбаттады.
Осыған байланысты Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин ет және ет өнімдері нарығын өндіріс көлемі, ішкі тұтыну және экспорттық жеткізілімдерді ескере отырып, терең талдау жүргізуді тапсырды. Ол сондай-ақ мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге нарық қатысушыларымен нысаналы жұмыс жүргізуді міндеттеді.
«Бағаның айтарлықтай өскен әрбір жағдайында жеткізу тізбегінің бүкіл ұзындығына талдау жасап, қымбаттаудың себептерін жою қажет. Тиісті министрліктер мен әкімдіктерге ірі көтерме жеткізушілер мен импорттаушылармен кездесулер өткізуді, бар кедергілерді анықтауды және олардың баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша қарсы міндеттемелер қабылдауымен мемлекеттік қолдаудың қажетті шараларын әзірлеуді тапсырамын. Дәл осындай жүйелі жұмысты азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтерге де тиісті нарықтардың ерекшеліктерін ескере отырып ұйымдастыру қажет. Әрбір мемлекеттік орган өз құзыреті шегінде шараларды іске асыруды қамтамасыз етуі керек», — деді Жұманғарин.
Бағаны одан әрі тұрақтандыру үшін Үкімет отандық өндірушілерге қолдауды арттыруды, нан өндіруші кәсіпорындарға электр энергиясына жеңілдікті тарифтер енгізуді және ел ішінде әлеуметтік маңызы бар өнімдерді теміржол көлігімен тасымалдауға 70% жеңілдік беруді жоспарлап отыр.
Бұған дейін қазақстандықтарды ет бағасының күрт өсуі туралы ескерткен болатын.


