2026 жылғы 13 қыркүйектен бастап Қазақстанда базалық банктік лицензиясы бар банктерге активтер көлемі мен жеке тұлғалардың депозиттеріне қатысты шектеулер күшіне енеді. Тиісті қаулыны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қабылдады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жаңа ережелерге сәйкес, мұндай банктің жиынтық активтерінің шекті көлемі 500 млрд теңгеден аспауы тиіс. Көрсеткіш әр айдың есепті күніне — тиісті айдың соңғы жұмыс күніне есептелетін болады.
Жеке тұлғалардың депозиттері үшін жеке лимиттер белгіленген. Ұлттық валютадағы жинақ салымының мөлшері 20 млн теңгеден аспауы керек. Банк шоттарындағы қаражатты қоса алғанда, теңгемен салынатын басқа депозиттер үшін шек 10 млн теңгені құрайды.
Банк шоттарындағы ақшаны қоса алғанда, шетел валютасындағы депозиттер бойынша ең жоғары мөлшер 5 млн теңге болады.
Егер бір клиент базалық лицензиясы бар банкке депозиттердің бірнеше түрін орналастырса немесе бірнеше банктік шот ашса, барлық салымдар мен шоттар бойынша жиынтық күнделікті қалдық 20 млн теңгеден аспауы тиіс.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде базалық лицензиясы бар банктер операциялардың шектеулі тізбесі бар банктердің жаңа түрі болып табылатынын түсіндірді. Белгіленген депозиттік шектеулер қолданыстағы банктерге қолданылмайды, өйткені олар әмбебап банктік лицензия негізінде жұмыс істейді.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының №124 қаулысы 2026 жылғы 13 қыркүйекте күшіне енеді.
Бұған дейін 1 тамыздағы жағдай бойынша қазақстандық банктердегі халық пен бизнестің депозиттерінің көлемі 51,7 трлн теңгеге жеткені хабарланған болатын. Жеке тұлғалардың салымдары 30,5 трлн теңгені құраса, компаниялардың депозиттері 21 трлн теңгеден асты. Шілде қорытындысы бойынша депозиттік база Kaspi Bank, Forte Bank және Halyk Bank-те барынша өсті.


