Қазақстандық банктер биржадан тыс нарықта 38,6 млрд АҚШ долларын сатып алып, бұл операцияларға шамамен 17,8 трлн теңге жұмсады. DATA HUB сарапшыларының айтуынша, бұл көлем 2015 жылдан бері ең жоғары көрсеткіш болып отыр, деп хабарлайды infohub.kz.
2026 жылғы тамызда қаржы ұйымдары биржадан тыс мәмілелер аясында 38,6 млрд доллар сатып алды, бұл алдыңғы аймен салыстырғанда 13%-ға артық. Айдың орташа бағамын ескере отырып, валюта сатып алуға шамамен 17,8 трлн теңге жұмсалды. Жалпы алғанда, америкалық валютаны сатып алу көлемі банк жүйесі үшін соңғы он бір жылдағы рекордтық көрсеткіш болды.
Бірінші несие бюросының мамандары доллар сатып алудың аномальды жоғары көлемі қатарынан он бір ай бойы тіркеліп жатқанына назар аударды. Ай сайын банктер 30 млрд доллардан астам валюта сатып алады. Салыстыру үшін: 2025 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында мұндай операциялар айына 10 млрд доллардан аспаған. Бұл ретте доллардың негізгі сатып алушылары шетелдік банктер болып табылады, олардың үлесіне 33 млрд доллар тиесілі.
Доллар сату көлемі де 11%-ға өсіп, 38,4 млрд долларға жетті. Нәтижесінде банктердің валютаны таза сатып алуы (сатып алу мен сату арасындағы айырма) 212 млн долларды құрады. Бұл көрсеткіш 2026 жылғы наурыз және қаңтардағы мәндерден төмен, дегенмен ағымдағы жылдың қалған айларында доллардың таза сатылымы байқалды.
Бұған дейін халықтың долларды таза сатып алу көлемі біршама төмендегені хабарланған болатын: маусымдағы 126,5 млрд теңгеден шілдеде 123 млрд теңгеге дейін.


