«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) инвестициялық салық резиденттігі бағдарламасын (ITRP) кеңейтіп, оған цифрлық активтерді қосты. Енді шетелдік инвесторлар АХҚО-ның лицензияланған алаңдары арқылы цифрлық активтерге қаражат салып, Қазақстанның ұзақ мерзімді инвесторлық визасы мен салық резиденттігін ала алады, деп хабарлайды infohub.kz.
Бұған дейін бағдарламаға қатысушылар АХҚО-да тіркелген акцияларға, үлестерге, қор пайларына, AIX биржасындағы бағалы қағаздарға, сондай-ақ орталықта тіркелген компаниялардың жарғылық капиталына инвестиция сала алатын. Бұл құралдар бойынша инвестицияның ең төменгі мөлшері 60 мың АҚШ долларынан бастап белгіленген еді.
Енді оларға AFSA (АХҚО қаржы қызметтерін реттеу комитеті) лицензиясы бар операторлар арқылы қолжетімді цифрлық активтер қосылды. Бұл нұсқа үшін инвестицияның ең төменгі мөлшері 150 мың долларды құрайды және бағдарламаға қатысу кезеңінде осы соманы сақтау қажет.
Инвестициялық салық резиденттігі бағдарламасы шетел азаматтарына бекітілген құралдарға инвестиция салып, жеңілдетілген тәртіппен салық резиденттігін алуға мүмкіндік береді. Қатысуға 18 жастан асқан, Қазақстан азаматы емес және соңғы 20 жыл ішінде елдің салық резиденті болмаған тұлғалар құқылы.
АХҚО-да бұл шешім Қазақстандағы цифрлық активтер нарығының дамуына байланысты екенін атап өтті. 2026 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық активтер индустриясын ынталандыру және дамыту туралы жарлыққа қол қойды. Бұл жарлық саланы реттеуді жетілдіруге, цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамытуға және елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған.
«Біздің бағдарлама халықаралық инвесторларға арналған құралдар тізімін цифрлық активтерді қосу арқылы кеңейтті. Бұл инвесторларға АХҚО экожүйесіндегі инвестициялық мүмкіндіктерге қол жеткізуге, сондай-ақ цифрлық активтерді елдің қаржы-технологиялық архитектурасының бөлігі ретінде дамытуға ықпал етеді», – деді АХҚО Экспат орталығының директоры Айнұр Жұматова.
АХҚО-да жаңа құралдың іске қосылуы орталықтың капитал тартуға арналған халықаралық алаң ретіндегі позициясын нығайтуға және инвесторларға заманауи қаржы мүмкіндіктеріне қол жеткізуге көмектеседі деп санайды.
Жаңа ережелер бағдарлама актісі АХҚО ресми сайтында жарияланған күннен бастап күшіне енеді.


