Қазақстан әлемнің 95 елі арасында зейнетте жайлы өмір сүру құны бойынша 72-орынға ие болды. Ол үшін зейнеткерге $294 мың көлемінде жинақ капиталы қажет екені NetCredit және Numbeo бірлескен зерттеуінде айтылған. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Аналитиктер орташа американдық үшін жайлы зейнетке қажетті жинақ сомасын АҚШ-тағы орташа зейнет жасы мен өмір сүру ұзақтығына сүйене отырып есептеді. Модель қарттық кезеңін 14 жыл 8,4 ай деп белгілейді. Сонымен қатар, есеп авторлары медициналық қызмет көрсету және салық төлеу шығындарын ескермеген.

Осылайша, Қазақстанда шамамен 15 жылға жуық жайлы зейнет үшін $294 мың жинақтау қажет болса, мұндай зейнеткер айына шамамен $1,67 мың немесе 770 мың теңге жұмсай алады.

Зерттеуден сондай-ақ, рейтингке енген Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері арасында Қазақстан ең қымбаты болып шықты: Ресейде (77-орын) мұндай зейнет үшін $281 мың, ал Беларусьте (85-орын) $267 мың қажет. Армения мен Қырғызстан рейтингке мүлде енбеген.

Орталық Азияда аналитиктер тек екі елді бағалады. Өзбекстан қымбаттығы бойынша Қазақстаннан озып, $331 мың қажет капиталмен 56-орынға орналасты. Жалпы әлемдік рейтингте Қазақстанның ең жақын көршілері Вьетнам (71-орын, $295 мың) және Малайзия (73-орын, $292 мың) болды.

Әлемдегі ең қымбат елдер тізімін Сингапур бастады, онда зейнетте жайлы өмір сүру үшін $1,1 млн жинау керек. Үздік үштікке Исландия ($893 мың) және Швейцария ($859 мың) енді. Ең қолжетімдісі Пәкістан (95-орын) болды, онда зейнеткерге $187 мың жетеді. Тізімнің ең төменгі жағында Пәкістанмен қатар Үндістан ($189 мың), сондай-ақ Бангладеш пен Мысыр (екеуі де $190 мың) орналасты.

Салыстыру үшін: АҚШ-та қартайғанда жайлы демалыс үшін $738 мың (5-орын), Канадада $598 мың, ал Мексикада $356 мың төлеуге тура келеді. Зерттеудегі ең қымбат және ең арзан мемлекет арасындағы айырмашылық $900 мыңнан асты.

Сондай-ақ, Түркияның Қазақстаннан қымбатырақ болғаны қызықты – 46-орын және $361 мың жинақ. Ал Қытай, керісінше, $15 мыңға арзан – 79-орын және $279 мың.