Қазақстан үкіметі иммигранттардың елге кіруі мен тұруы, сондай-ақ олардың шығуы қағидаларының жаңа редакциясын бекітті. Енді шетел азаматтарына электрондық рұқсат алу қажет болады. Тиісті қаулының толық мәтіні Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкісінің сайтында жарияланды, деп хабарлайды infohub.kz.
Құжатқа сәйкес, электрондық рұқсат ішкі істер органдары ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісім бойынша цифрлық платформа арқылы тегін ресімделеді. Шетелдік жоспарланған кіруге 72 сағаттан кешіктірмей өтініш беріп, сәйкестендіру немесе аутентификациядан өтуі қажет.
Электрондық рұқсаттың қолданылу мерзімі — 180 күнтізбелік күн. Шекарада шетелдік төлқұжатты немесе рұқсат ресімделген өзге де жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуге міндетті. Құжатты тексеру «Беркут» бірыңғай цифрлық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
Рұқсаттарды тексеруді енгізу төрт кезеңмен көзделген. 2026 жылғы 1 қарашадан бастап бақылау Ақтау халықаралық әуежайында, сондай-ақ «Үрлітөбе» (Павлодар облысы), «Аухатты» (Жамбыл облысы), «Атамекен» (Түркістан облысы) және «Нұрлы Жол» (Жетісу облысы) автомобиль өткізу пункттерінде басталады. Бұл кезеңде иммигрантқа кіруден бас тартылмайды — қызметкерлер тек рұқсат ресімдеу қажеттігін түсіндіреді.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап тексерулер Астана мен Алматы халықаралық әуежайларын қамтиды — бұл ретте де кіруден бас тартылмайды және ресімдеу тәртібі түсіндіріледі. 2027 жылғы 1 наурыздан бастап жүйе Қазақстан Республикасы мемлекеттік шекарасының қалған барлық өткізу пункттерінде іске қосылады, әлі де иммигрантқа кіруден бас тартылмайды және құжатты ресімдеу қажеттігі түсіндіріледі.
2027 жылғы 1 шілдеден бастап электрондық рұқсаттың болуы міндетті болады: оның болмауы иммигрантқа Қазақстан Республикасына кіруден бас тартуға негіз болады. Қаулы 24 қазанда күшіне енеді. Рұқсат алу қажет емес адамдар санаттары құжатта егжей-тегжейлі көрсетілген.


