Қазақстанда цифрлық криминалистика саласында мамандар даярлауға бағытталған жаңа білім беру бағдарламасы басталды. Еліміздің күш құрылымдары жүйесінде алғаш рет оқу екі диплом алуды көздейтін бағдарлама бойынша өтеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бағдарламаға ҚР ІІМ Басқару академиясының 20 магистранты қатысуда. Курс аясында олар цифрлық криминалистика, киберқауіпсіздік, сот сараптамасы және қылмыстарды тергеудің заманауи әдістерін меңгереді.

Жобаны ІІМ Басқару академиясы Үндістанның Ұлттық сот ғылымдары университетімен (NFSU) бірлесіп, Президент Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша және Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асыруда.

Оқуды аяқтаған соң түлектер екі университеттің де дипломын алады. Сонымен қатар, қазақстандық мамандар халықаралық тәжірибе алып, цифрлық ортадағы қылмыстарды тергеуде пайдалы болатын практикалық дағдыларға ие бола алады.

NFSU сот сараптамасы, криминология, цифрлық криминалистика және киберқауіпсіздікке маманданған.

Бағдарламаның ресми іске қосылуына ІІМ министрінің міндетін атқарушы Ержан Сәденов, Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушы Саясат Нұрбек, сондай-ақ үндістандық университет пен ІІМ Басқару академиясының өкілдері қатысты.